Британ ертегісі: Тауық-сауық

Британ ертегісі: Тауық-сауық

Бірде Тауық-Сауық есіктің алдында дән шоқып жүреді. Бір кезде «тық» деп басына емен жаңғағы құлап түседі.
– О, Жаратқан Ием! Аспан жерге құлайын деп тұр! – дейді Тауық-Сауық зәресі ұшып. – Тез корольге хабар беру керек!
Сөйтіп жарбалаңдап жүгіре жөнеледі. Жүгіріп келеді, жүгіріп келеді, жүгіріп келеді, жолда Әтеш-Тәтеш жолығып:
– Қайда барасың, Тауық-Сауық? деп сұрайды.
– Сұмдық! Аспан жерге құлайын деп тұр. Тез корольге хабар беру керек!
– Сенімен бірге баруыма бола ма?
– Әлбетте.
Екеуі жүгіріп келеді, жүгіріп келеді, жүгіріп келеді, жолда Үйрек-Сүйрек жолығып:
– Қайда барасыңдар, Тауық-Сауық пен Әтеш-Тәтеш? деп сұрайды.
– Сұмдық! Аспан жерге құлайын деп тұр. Тез корольге хабар беру керек!
– Сендермен бірге баруыма бола ма?
– Әлбетте.
Үшеуі жүгіріп келеді, жүгіріп келеді, жүгіріп келеді, жолда Қаз-Наз жолығып:
– Қайда барасыңдар, Тауық-Сауық, Әтеш-Тәтеш, Үйрек-Сүйрек? – деп сұрайды.
– Сұмдық! Аспан жерге құлайын деп тұр. Тез корольге хабар беру керек!
– Сендермен бірге баруыма бола ма?
– Әлбетте.
Төртеуі жүгіріп келеді, жүгіріп келеді, жүгіріп келеді, жолда Түйетауық-Жүрген жері сауық жолығып:
– Қайда барасыңдар, Тауық-Сауық, Әтеш-Тәтеш, Үйрек-Сүйрек, Қаз-Наз? – деп сұрайды.
– Сұмдық! Аспан жерге құлайын деп тұр. Тез корольге хабар беру керек!
– Сендермен бірге баруыма бола ма?
– Әлбетте.
Бесеуі жүгіріп келеді, жүгіріп келеді, жүгіріп келеді, жолда Түлкі-Күлкі жолығып:
– Қайда барасыңдар, Тауық-Сауық, Әтеш-Тәтеш, Үйрек-Сүйрек, Қаз-Наз, Түйетауық? – деп сұрайды.
– Сұмдық! Аспан жерге құлайын деп тұр. Тез корольге хабар беру керек!
– Олай болса, бұрыс жолмен кетіп барады екенсіңдер. Жүріңдер, мен сендерді дұрыс жолға салайын.
– Сөйтші, айналайын Түлкі-Күлкі!
Тауық-Сауық, Әтеш-Тәтеш, Үйрек-Сүйрек, Қаз-Наз, Түйетауық тізіліп корольге аспанның құлайын деп тұрғанын естірту үшін Түлкі-Күлкінің артынан ереді. Түлкі-Күлкі оларды тар да қараңғы бір тесіктің қасына алып келеді. Ол өзінің іні еді. Алайда Түлкі-Күлкі былай дейді:
– Міне, король сарайына апаратын төте жол осы жерден басталады. Артымнан қалмай, ілесіп отырсаңдар, көп ұзамай жетіп қаласыңдар. Мен бірінші боп жүрейін. Сендер соңымнан кезекпен бір-бірлеп кіріңдер.
– Әрине, ілесеміз! Неге саған ермеске!? – дейді серіктері жан-жақтан жамырап.
Түлкі-Күлкі ініне кіреді де, алысқа ұзамай, бір қалтырысқа тығылып тұрады. Кірудің бірінші кезегі Түйетауық-Жүрген Жері Сауыққа тиеді.
Ол ішке кіріп, бес-алты қадам жасауы мұң екен, Түлкі-Күлкі оның басын
«құрымп» деп бір тістейді, де сол жақ иығынан асырып, шетке тастай салады. Екінші боп Үйрек-Сүйрек кіреді. Ол да інге еніп, бес-алты қадам жасауы мұң екен, түлкі оның да басын «құрымп» деп бір тістеп, сол жақ иығынан асырып, шетке тастай салады. Үшінші боп Қаз-Наз кіреді. Ол да інге еніп, бес-алты қадам жасауы мұң екен, түлкі оның да басын «құрымп» деп бір тістеп, сол жақ иығынан асырып, шетке тастай салады. Төртінші боп кірген Әтеш-Тәтеш біреу қаласын, қаламасын ку-ка-ре-ку деп шақыратын әдетіне басып, бір айғайлап үлгереді. Сосын ол да жаңағы достарының қасына жіберіледі. Інге енді ғана басын сұға берген Тауық-Cауық Әтеш-Тәтештің шақырғанын ести сап:
– Мәссаған! Таң атыпты! Жұмыртқа табатын уақытым боп қалыпты ғой! –деп жалт бұрылып, қорасына қарай жарбаңдап жүгіре жөнеледі. Тауық-Сауық аспанның жерге құлайын деп тұрған хабарын корольге сол бойда жеткізген жоқ.



Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
ертегі Тауық-сауық туралы британдық ертегілер, британдық ағылшын ертегілер текст, ертеги Тауык-сауык туралы британдык ертегилер, Тауық-сауық

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]