Британ ертегісі: Джәк Ханафорд

Британ ертегісі: Джәк Ханафорд

Бір сарбаз ұзаққа созылған соғыстан қайтып келе жатады. Әбден шаршап, жүдеп-жадаған, ауылында күтіп отырған ешкімі жоқ. Басы ауған жаққа жүріп, сай түсіп, қыр асып келе жатып, бір үйдің қасына аялдайды. Үйдің басиесі шалғайдағы жәрмеңкеге кеткен екен. Әйелі шығады. Бірінші күйеуі қайтыс боп, екінші рет тұрмыс құрған әйел болса керек. Әйтсе де, ақылы онша толыса қоймапты, екінші күйеуінің де ақылы шамалы екен. Осы екеуінің қайсысысының ақымақтығы басымырақ, ертегімді тыңдап болған соң өзің айтарсың.
Жәрмеңкеге аттанар алдында күйеуі әйеліне «мынау он фунт алтын ақша, мен келгенше сақтап қой» деп біраз ақша табыстап кетеді.
Ақымақ болмаса, әйелге де ақша сақтата ма?! Әйелі ақшаны шүберекке орап, «бұл жерден еш ұры-қары таба алмас» деп қонақ бөлмедегі пештің кернеуіне тығып тастайды.
Сол күні әлгі Джәк Ханнафорд деген сарбаз есік қағады.
‒ Бұл кім?
‒ Джәк Ханнафорд.
‒ Қайдан келе жатырсың?
‒ Жұмақтан.
‒ Құдайым сақтай көр! Күйеуім сонда кетіп еді, көрдің бе? ‒ дейді әйел бірінші күйеуі туралы сұрастырып.
‒ Көрдім.
‒ Жағдайы қалай екен?
‒ Мәз емес. Ескі аяқ киім жөндеумен айналысып жүр, жалғыз қорегі ‒ орамжапырақ.
‒ Ә-ә-л-де-е бейшара-ай! Маған сәлем айтып жіберген жоқ па?
‒ Айтып жіберді. «Етік жамайтын былғарым таусылды, сатып алайын десем, түк ақшам жоқ, бес-алты шиллиңг беріп жіберсінші» дейді.
‒ Әрине беріп жіберем, жаны жаннатта болғырға! ‒ Әйел пештің кернеуіндегі шүберекке орап тығып қойған он фунтты алып, сарбазға береді. ‒ Керегінше жаратып, қалғанын қайтарып жіберсін!
Джәк қолына ақша тиген соң асығып-үсігіп тайып тұрады.
Ертесіне фермер жәрмеңкеден оралып, ақшасын сұрайды. Әйелі ақшаны пейіштегі пайғамбарлар мен періштелердің аяқкиімдерін жөндеуге былғары алсын деп бірінші күйеуіне кәрі сарбаздан беріп жібергенін айтады. Фермер бұлқан-талқан болады, «өмірімде сендей ақымақ көргем жоқ» деп әйелін қатты жазғырады.
‒ Өзің менен де өткен ақымақ болмасаң ақшаны неге маған қалдырасың!? ‒ дейді оған әйелі.
Алайда сөз таластырып отыруға уақыт жоқ еді, фермер атын ерттей сап, Джәк Ханнафордтың артынан қуғынға аттанады. Кәрі сарбаз ат тағасының тықылын естіп, өзінің артынан қуғыншы жетіп қалғанын сезеді. Жерге жата қап, бір қолымен көзін көлегейлеп, бір қолын аспанға шошайтады.
‒ Әй, не істеп жатырсың? ‒ дейді оны фермер нұқып қап.
‒ Құдай сақтасын! Сирек кездесетін бір құбылыс көріп тұрмын.
‒ Ол қандай құбылыс?
‒ Бір адам аспанға шығып барады. Кәдімгі жолмен жүргендей боп.
‒ Әлі кетіп бара ма?
‒ Иә, әлі де кетіп барады.
‒ Қане?
‒ Атыңнан түс те, мен құсап жата қал, сонда көресің.
‒ Онда атымды ұстай тұршы.
Джәк лып етіп аттың шылбырына жармасады.
‒ Ешкім көрінбейді ғой, ‒ дейді фермер.
‒ Көзіңді қолыңмен көлегейлеп қара, сонда көрінеді
Фермер Джәктің айтқанын орындайды, Джәк оның атына қарғып мініп, шаба жөнеледі. Фермер үйіне жаяу оралады.
‒ Сен менен де өткен ақымақ екенсің, ‒ дейді оған әйелі. ‒ Мен бір рет ақымақтық жасасам, сен екі рет ақымақтық жасадың.



Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
ертегі Джәк Ханафорд туралы британдық ертегілер, британдық ағылшын ертегілер текст, ертеги Джак Ханафорд туралы британдык ертегилер, Джәк Ханафорд

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]