Бата, бата беру — адал ниет, жақсы тілек білдірудің ұлттық дәстүрі. Дастарқан басында, түрлі жиын-тойларда, т.б. адам өмірінде кездесер ірілі-ұсақты қуаныштар кезінде той, қуаныш иесіне арнап қол жайып, бата береді. Сондай-ақ, қиын сапар, алыс жолға аттанған азаматына ақ жол тілейтін халқымыздың ежелден келе жатқан, кең таралған дәстүрлерінің бірі. Бата беретіндер, көбіне, көпті көрген ақсақалдар мен кемеңгер де дуалы ауызды билер болып келеді. Бата қысылғанда — қуат, қиналғанда—медет беріп, әрбір іс-әрекетіңе даңғыл жол ашып, бәле-жаладан қорғайды деп есептелген. Бата көзі тірілерге ғана емес, аруақтарға да жасалған. Батасыз, тілексіз өмір болмайды. “Батамен ер көгереді, жаңбырмен жер көгереді” деп халқымыз текке айтпаған. Батаның да қисыны, айтылатын, айтылмайтын жері болады, қуаныш пен тойдың ретіне қарай, соған лайық Бата тілегі болады.
Бата қазақ фольклорының дербес, шағын жанры ретінде қарастырылады. Ұйқасты, ырғақты болып келетін, тұрақты образдарға негізделетін бата халқымыздың жақсылық пен жамандык, адалдық пен арамдық, обал-сауап турасындағы моральдық-этикалық түсініктерінің айғағы іспетті.
Мағыналық тұрғыда екі түрге бөлінеді: ақ (оң) бата (алғыс), теріс бата (қарғыс). Қазақ халқының бата сөз үлгілеріне В.Радлов, Ш.Уәлиханов, А. Васильев, Г. Потанин, т.б. зерттеушілер назар аударып, жинап жариялаған.
Кейін батаға Ислам дінінің әсері тиген. Осы күнгі бата отбасына амандық, молшылық, жастарға өмір, бақыт, білім тілеу мазмұнында болып келеді.
Дастарханың бай болсын. Қазан - ошағың май болсын. Төрт түлігің сай болсын. Көңілің толып жай болсын. Ұлың қонып қияға, Қызың қонып қияға, Келінің бибі атанып, Ұлың болсын би аға.
Қазағымның қай дастарханы батасыз өтетін еді? Бата беру - алғыс айту, ақ тілек тілеу дегенді білдіреді. Сондықтан бұл баталар жинағын әрбір қазақ жатқа білуі тиіс деп ойлаймыз. Жаттаңыздар, айтыңыздар, ақ тілектеріңізді жеткізіңіздер ағайын!!!
Құдай берсін, кем қылмасын, Дастарханың мол болсын, Абыройың зор болсын. Отбасының байлығын берсін,
Деніміздің саулығын берсін. Көңіліміз тоқ болсын, Уайым - қайғы жоқ болсын. Отырғандарың үлкен тақ болсын.